SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанайда Қаратомар су қоймасынан көп көлемде су ағызылуы салдарынан жағдай күрт ушығып, тұрғындарды шұғыл түрде қауіпсіз жерлерге көшіру басталды.
Қостанай ауданы әкімінің 2024 жылғы 5 сәуірдегі № 4 шешімімен аудан аумағында қалыптасқан гидрологиялық жағдайға байланысты жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған.
Жергілікті Қостанай таңы газетінің мәліметінше, өзендердегі су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұл ретте, жағалауды нығайту, еріген қар суын сору және ағын бағытын бұру жұмыстары жүйелі жалғасып жатыр.
Осыған байланысты Қостанайдың жағалаудағы аудандарын, атап айтқанда "Дорожник", "Садовод", "Мичуринец" және "Колесный ряд" аумақтарын су басу қаупі төнді.
"Осы аумақтардың тұрғындары уәкілетті органдардың бірінші талабы бойынша қарт адамдарға, жүріп-тұруы шектеулі адамдар мен балаларға ерекше назар аудара отырып, ұйымдасқан түрде эвакуациялануды бастауы керек. Құжаттар мен қажетті заттарды алдын ала дайындап қойыңыздар.
Сіздерге автобустар беріледі. Олар сіздерді эвакуацияланғандарды қабылдау орындарына жеткізеді. Ол жерде түнеуге және тамақтануға жағдай жасалады", - деп хабарлады Қостанай әкімдігі.