Украина билігі де түрмеде жазасын өтеушілерді соғысқа жібермек

10.05.2024, 09:42
313
Украина билігі де түрмеде жазасын өтеушілерді соғысқа жібермек gazeta.ru

Украинадағы жаңа заң жобасына президент Владимир Зеленский қол қояды деп күтілуде.

Соғыс басынан-ақ украиндықтар өздерінің осал еместігін көрсетті. Олар бой бермей бара жатқан соң 2022 жылдың жаз басынан Ресей билігі түрмедегі жаза өтеушілерді ұрыстың алғы шебіне шығара бастағаны белгілі. Биліктің қолдауымен мұнымен жекеменшік әскери компания айналысты. Әп дегеннен 10 мың адам, келе-келе 50 мың адамды түрмелерден жинап әкетті деген хабарлар тарап жатты. Осылай жалғасқан науқанның барысында соғысқа түрмелерден неше адам тартылғанының есебі шатасып та кетті. Анығын ешкім білмейтін болды. Ал 2023 жылдың ақпанынан бастап түрмелерден соғысқа адам жинау ісі жекеменшік әскери компаниядан Қорғаныс министрлігінің құзырына өтті. Яғни бұл нәрсе мемлекеттік тұрғыда жүргізілетін болып заңдастырылды.

 Науқан әлі күнге дейін тоқтаған жоқ. Ұрысқа түрмеден алынғандарға рақымшылық беріліп жатыр. Олардың қаншасы қаза болып, қаншасы жарақаттанғанының және қаншасы бостандық алып шыққанының нақты есебі айтылып жүрген жоқ.

Енді осы әдіске Украина билігі де барып отыр. Украина түрмелерінде жазасын өтеп жатқандарды да соғысқа салатын жаңа үрдіс басталды. 

Украина Жоғары Радасы, яғни парламенті майданға жаза өтеушілерді жіберуге рұқсат берді. Заң жобасын депутаттар 8-мамырда екінші оқылымда мақұлдады. Енді ол жақта жазаны өтеу мерзіміне үш жылдан кем емес уақыт қалған түрмедегілерді ерікті түрде Қарулы күштер қатарына ала бастайды.

Жаза өтеушілер арасынан соғысқа алынбайтын санатқа енгізілгендері де бар. Олар:

Украина ұлттық қауіпсіздігінің негіздеріне қарсы келетін қылмысты жасап сотталғандар, қасақана кісі өлтіргендер, түрмеге өмір бойына жабылғандар, өзгелерге зорлық-зомбылық көрсетіп қамалғандар және педофилдер

Сонымен қатар түрмеде отырғандардың ішіндегі жемқорлар, бұрын аса жауапты қызмет атқарғандар, қамалған бұрынғы депутаттар мен министрлер де соғысқа алынбайды.

Негізі өз еріктерімен соғысқа баруға ұмтылатындар көп болады деп жатыр. Бірақ жоғарыда аталған санатқа кіргізілген жаза өтеушілерді соғысқа жалынса да алмайды.

Жазаны өтеп біту мерзіміне кемі үш жыл қалған түрмедегілердің арасында өз еріктерімен сұранушыларды іріктеп болған соң олардың әрқайсысының ісі сотта қайта қаралады. Сот олардың әрбіріне қатысты түрмеден мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы шешім шығарады. Ал арнайы әскери бөлімдерге жеткізілгеннен кейін олардың бәрі қадағалауда болады. Түрмеден өз еркімен барған және жазадан сот шешімімен шартты түрде босатылғандар алдымен әскери дайындықтан өтеді. Сол кезде араларында тәртіпке бағынғысы келмей, әскери қызметтен басын алып қашқандар болып жатса, олар қайтадан сотталады. Әскерге өз еркіммен барамын деп түрмеден босағандар қызметтен қашқақтаса 5-8 жылды арқалап тағы да қамалып кетуі мүмкін.

Енді бұл заң жобасына президент Владимир Зеленский қол қояды деп күтілуде. Негізі жаза өтеушілерді соғысқа салу бастамасы Украинада сәуір айында пайда болды.

Жалпы, жаза өтеушілерді майданда пайдалану Ресейден басталмаған екен. Мұндай нәрсенің тарихы ерте замандарға барып тіреледі. Қамаудағыларды соғысқа салу бұдан үш мың жыл бұрын Қытайда басталыпты. Қанша дегенмен де Қытай әлемдегі тоқтаусыз келе жатқан ежелгі өркениет болып табылады. Әлем елдерінің осы күні істеп жатқан нәрселерінің көбін Қытай баяғыда-ақ істеп қойған. Қытай түрмедегілерді соғысқа салудың дұрыс шешім еместігіне көз жеткізген деп жатады.

Біздің дәуіріміз басталардан мың жыл бұрын оларда Шан династиясы билік құрды. Айналасында оған толық бағынбаған басқа патшалықтар да бар еді. Шан империясының Ди Синь деген билеушісіне сөз жүзінде ғана бағынған, ал шын мәнінде сыртымен қарайтын Чжоу деген мемлекет болды. Осы мемлекет Шан империясына қарсы қол жинап, Ди Синьды тақтан тайдырмақ болады. Ал Ди Синь болса қарсы соғыста әскерім көбейсін деп түрмеде отырғандарды сапқа қояды. Ол түрмедегілер босатқаныма рахмет айтып, жауымды тас-талқан етеді деп ойлаған. Бірақ түрмедегілерден құрылған әскер жауға тақалып бара бере түгелімен кері бұрылып, Шан империясының өз әскеріне шапты. Чжоу мемлекеті жеңіске жетті. Шан империясының билеушісі жалғыз қалып, бар дүние-мүлкін жанына жинап өртеді, өзі де жанып кетті. Мұндай деректі бүгінгі Қытай еш ұмытпайды. Бұл оларға үлкен сабақ болды. Шан империясынан кейінгі императорлар, патшалар, билеушілер осы оқиғадан кейін соғысқа түрмедегілерді салмауға тырысты. Бірақ оларда қақпайлаушы отряд пайда болды. Осы күні майданның алғы шебінің соңынан жүретін «заградительный отряд» деген біздің дәуірімізден бес ғасыр бұрын Қытайда болыпты. Арқасындағы қақпайлаушы отрядтан қорыққан әскер шегінбей алға ұмтылып соғысады. Сол кезде Қытайда түрмедегілерді соғысқа салу үрдісі тағы да жанданды. Себебі соңынан қақпайлаушы әскер салып қояды. Юэ деген патшалық У деген патшалықтың әскеріне қарсы өлім жазасына кесілген қылмыскерлерді шығарыпты. Оларға жаудың алдына жеткенде өздерін өздері бауыздауды бұйырған екен. Жауды осылай қорқытпақ болады. Ал әлгі өлім жазасына кесілгендердің соңына қақпайлаушы отряд салып қояды. Сонда оларға бәрібір өлім, қашса да өлтіреді, соғысса да өлтіреді. Әлгілер жаудың қарсы алдына жете бере өздерін өздері бауыздайды. Мұндайды күтпеген жау қорқып, кері қашып кетеді. Билеушілер әскердің әр сарбазының бала-шағасын кепілде ұстайтын тәсіл де болыпты. Мұндай жағдайда әскер өлген-тірілгеніне қарамай барын салып соғысады.

Ағылшындар түрмеде жаза өтеушілерге соғыс өнерін үйретіп, теңіз қарақшысы еткен көрінеді. Сөйтіп ағылшындар теңізге билігін жүргізген, төңіректегі өзге жұрттарды қорқытып-үркітіп ұстаған, теңізді тек өздері ғана билеп-төстеуге тырысқан. Теңіз үшін соғыстарда түрмеден шыққан теңіз қарақшыларын пайдаланып отырған екен. Түрмеден босатып, қарақшыға айналдырған адамдарды бағынышта ұстау үшін соған лайық білікті әскери мамандар дайындалатын болыпты. Ағылшындар теңіз қарақшыларын Франциямен соғыста да өте тиімді пайдаланған көрінеді. Олар түрмеде отырғандарды бертіндегі бірінші дүниежүзілік соғыста да пайдаланды. Сотталғандарға не жазаны өтейсің, немесе соғысқа қатысып, жазадан құтыласың деген талап қойылған. Адамзатта құлдарды сапқа қойып соғысқа салу да аз болмады.

Біздің заманымызда түрмеде отырғандарды соғысқа салу кеңес үкіметінде кеңінен қолданылды. Ұлы Отан соғысы кезінде «айып батальоны» деген әскери құрылымдар жаза өтеушілерден құрылған еді. Оларды алға жіберіп, соңынан қақпайлаушы отряд ілесіп отыратын. Түрмеден жинап алған батальон үшін кері шегінуге жол жоқ, тек алдындағы ажалға ғана жол бар еді. Қақпайлаушы отряд тек «айып батальонының» ғана емес, жай әскердің де соңында тұрды. Сондай отряд осы күні де қолданылады деп жатады.

Қысқасы, Украинада жаза өтеушілерден ерікті жасақ құруға кірісіп жатыр. Қақпайлаушы отряд тәсілін олар да енгізсе керек.

Павлодарда балаларын үйде қамап ұстаған маскүнем ата-ана анықталды Мемлекеттік тілді білмегендерге Қазақстан азаматтығы берілмейді – ІІМ Қытай Ресейдің күніне жарап тұр Сәбиді терезеден лақтырып өлтірген ересек адам қамалмады Ақтөбелік студент жұмбақ жағдайда көз жұмды "Ұлы композитордың әндеріне мардымсыз ақша төленеді": Шәмші Қалдаяқовтың келіні Шымкентте үшем дүниеге келді «Күйеуі бір апта іздеу жарияламаған»: Оралда 3 баланың анасы табылмай жатыр Түркістанда дәрігерлер 7 жасар баланың бауырынан бір уыс құрт алып шықты Бес жылға сотталған вайнер Мейіржан Төребаев үйіне келді Құлсарыға 1 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілген Милад Карими спорттық гимнастикадан алғаш рет Азия чемпионы атанды Шымкент қаласы әкімінің экс-орынбасары сотталды "Өшір ананы": мазар басында топыраққа саусақ тығып, сүре оқып жатқандардың видеосы тарады Алматыда жоғалған 22 жастағы жігіттің денесі табылды 21 мамырда Алматыда дабыл белгісі іске қосылады Иран президенті тікұшақ апатынан қаза тапты Қайраттың еңбегі, біз себепкер болдық: Гүлзира Айдарбекова Жұлдыз Әбдікәрімованың қалай танылғанын айтты Ерұлан Жамаубаев жаңа қызметке тағайындалды Әбдіжаппар Әлқожа ұстазына ерекше сыйлық тарту етті (ВИДЕО)